» » Ілмек бізбен кесте тігу өнері

Ілмек бізбен кесте тігу өнері

Қызылорда облысы,Шиелі кенті
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейі
Оқушы: Ағманова Еңлік
жетекшісі: Шәукебаева Гүлнар
Кестелеу өнері қазақ мəдениеті мен өнерінің қалыптасуы мен даму тарихында өзіндік үлесі бар қолөнердің бірі. Бұл өнер атадан-балаға қалып, алдыңғылардың өнерін кейінгілер жалғастыру жолымен біздің заманымызға жеткен. Оның өзіне тəн ғылымилығы мен заңдылығы бар. Кесте тігу өнерімен қазақ халқы ерте кезден айналысқанын əдебиеттер мен тарихтан, архелогиялық қазбалар мен жазба ескерткіштерінен білеміз [2].
Кестешілер – сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты ісмерлерінің көркем қиялдары мен шеберлік құдіретін байланыстырып, бейнелеген. Кестенің даму барысында да басқа өнер салалары сияқты тарихи дəуірдің таңбасы бар. Ежелгі Қазақстан аумағын мекендеген сақтар, ғұндар, түркілер мəдениеті жəне қазақ мемлекетінің құрылуы, Ресейге қосылуы, Кеңес үкіметінің орнауы сияқты тарихи оқиғалар көрініс тапқан [2]. Негізінен алғанда кестелеп тігудің «баспа кесте», «біз кесте», «маржандап, моншақтап кестелеу», «қабырға кесте», «шекпе кесте», «тығыз кесте», «түкті кесте» немесе «төкпе кесте», «бөртпе кесте», «ашамай кесте», «шыраш», «бұзау тіс», «тышқан із», «оюлау», «жапсырма кесте», «ойма», «құрақ кесте» т.б. түрлері белгілі [2].
Кестемен ұлттық тұрмыстық бұйымдардан түскиіз, сырмақ, аяққап, т.б. заттар түрлі оюлармен кестелеп безендірілсе, əйелдер киімінен: кимешек, көйлектің етегі, белдемше төңірегі, ерлердің бас киімі, шапан жағалары, шалбар балақтары өрнек салынып кестеленген [4].
Кесте – қазақ халқының сəндік қолөнерінің ежелден кеңінен дамыған ерекше бір түрі. Кестенің алғашқы үлгілерін 1929 жылы М.П. Грязновтың жетекшілігімен Таулы Алтай өңіріндегі екінші Пазырық жəне Ноинұлан қорғанында жүргізілген археологиялық экспедициядан табылған киізге өрнектеліп жəне бейнеленіп кестеленген құрал-жабдықтар, тұскиіз, тұскілем, ер тоқымдар, киім-кешектер, жауынгерлердің сыртқы су қағарлары, шекпен, қамзолдар куəлік етеді [1].
Кесте – сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты ісмерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдіретімен бейнелеген ақыл-парасаттарының жауһары. Аналарымыз кесте өнерінің қыз баланың табанды, сабырлы, мінез-құлқын қалыптастыруға тигізетін пайдасы көп деп есептеген. Бойжеткен қыздар өзіне арналған жасаудың кестеленетін түрлерінің бəрін өздері тіккен. Олардың іс үстінде ісмерлігі шыңдалған.
Бүгінгі күнде елімізде кесте өнеріне қызығушылық танытып, кесте ісімен шұғылданып жүрген оқушылар мен мұғалімдер, зейнеткер жасындағы əжелер де баршылық. Республикамызда 400-ден астам кестешілер есімі белгілі. 1926 жылы Парижде өткен Халықаралық этнографиялық көрмеде тараздық Р. Барлыбаева қазақ қолөнерінің байлығы мен əсемдігін бүкіл дүние жүзіне паш етіп, кестелі тұскиізі үшін халықаралық сыйлық алды. 1957 жылы республикалық 1 көрмеде қарағандылық З. Баймағамбетова, зайсандық А Құнақова, семейлік Қ. Абаева, талдықорғандық Ж.Молдабергенованың кестелері көркемдік жағынан жоғары бағаланып, бірнеше сыйлыққы ие болды [2]. Қазақ халқының кесте өнеріне тəн стильдегі бұйымдар жасайтын Алматыда «Тұскиіз», Таразда «Өнерпаз», Өскеменде «Өрнек» секілді фабрикалар ашылған [5].
Зерттеудің мақсаты: Кесте тігудің түрлі технологияларымен таныстыра отырып, оның ішінде ілмек біз арқылы кесте тоқудың өзіндік қыр-сырларын ашу, жаңа технологияларды таныстыра отырып, олардың жасалу жолдарын көрсету.
Міндеттері:
- Ілмек бізбен кесте тігудің сан алуан қыр-сырын ашу;
- Оның адамзат өміріндегі алатын орны айқындалып, маңыздылығын таныту;
- Ілмек бізбен кесте тоқу технологиясын жан-жақты сипаттау;
-  "Сәнді тоқыма жастық" жасаудың  технологиялық картасын жасау.
Қорытындылай келе мен осы ғылыми жұмысым барысында ұлттық қолөнер – кестелеу өнерінің қыр-сырымен танысып, əжелеріміздің оны қандай эстетикалық талғаммен орындағандарына тəнті болып, кесте өнері туралы көптеген деректерді жинадым. Өз қолыммен кестелеп көрмей, қазақ халқының кестелеу өнерінің бұрынғысы мен бүгінгісін салыстыра алмайтынымды түсініп, біз кестемен бұйымдар мен киімдерді кестелеуді үйрендім. Ізденген əдебиеттерден, Интернеттен алынған мақалалардан, тарих беттерінен қызықты жайттарды білдім, мəліметтер жинадым. Кесте тігуге мата, жіп таңдауды, жалпы кестеге арналған заттарды дұрыс таңдауды үйрендім.
Кесте түрлерін білдім. Біз кестемен бұйымдарды кестелеу барысында қазақ қолөнеріне, оның ішінде кесте өнеріне қызығушылығым артып, кестені əсемдеу əдістерін, кесте тігу технологиясын меңгердім. Өзім оқитын мектебімдегі қатарластарымды кестелеу өнеріне қызықтыру мақсатында өзімнің кестелеген бұйымдарымнан көрме ұйымдастырдым.
«Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас», - деп ақын Абай жырлағандай, ұлы даланың асқар тауларын, құстары мен гүлдерін алуан өңді жібекпен төгілдіре кестелеген түскиіздер, күнделікті тұрмысқа қажетті жастықтың тысын кестелегеннен кейін, бөлмеге көрік беретін қабырға суреттерін кестелеуді жоспарлап отырмын.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының ұлттық мəдениеті мен қолөнері өресін кең жайып, бүгінгі күнге лайықты жаңарып отырған жағдайда өнер қазынасының сарқылмас мұхитын «адам өнерімен əсем, аң жүнімен əсем», «кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деп халық даналары айтқандай, үйренген кесте өнеріндегі білгенімді құрбыларыма үйрете отырып, одан əрі дамытпақпын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
 
1 Толыбаев Қ. Бабадан қалған бар байлық. – Алматы, 2000. – 230 б
2 Мұхамеджанұлы З. Қазақтың кесте өнері. – Алматы, 2008.
3 Ысқаққызы Ə. Сырмақ өнері. – Алматы: Алматыкітап, 2007.
4 История искусства Казахстана. – 2006.
5 Өмірбекова М. Қазақтың ою-өрнектері. Энциклопедия.
6. Мұхамеджанұлы З. Қазақтың кесте өнері. Танымдық-көпшілік басылым. "Алматыкітап баспасы" ЖШС, 2008 - 144 бет
02 желтоксан 2017 ж.8690