» » Жаңашылдық жоғары білімдегі жемқорлықты жүгендей ме?

Жаңашылдық жоғары білімдегі жемқорлықты жүгендей ме?

Өзгеріс не үшін керек? Тұйықталып қалған жүйені бұзу бағытына керек. Қазақстан қанша жылдан бері білім саясатында өзгерістен көз ашпай келеді. Министр ұсыныс етіп, Үкімет қабылдаған білімдегі реформалардың соңын күтіп, нәтижесіне көз салып көрдік пе?
   Бірі сәтті, бірі асығыс қабыл­дан­ған шешімдердің салдары бі­лімді қабылдаған адамдардың емес, жүйеге тәуелді педагогтар мен жастарға ықпал етері анық. Бірақ, сайып келгенде, бүгінгі бі­лім­дегі өзгерістің дені нақ бі­лімнің өмірде қолданылуын шарт етіп отыр. Демек, оқу сапасы сауатты ма­мандарды даярлап шығуға қау­қарлы болуы тиіс. ҚР Білім және ғы­лым министрлігі іске нықтап мо­йын бұра бастаған секілді. Вице-министр Асхат Аймағамбетов жыл басталарда "жоғары оқу орындарын өзгерістер күтіп тұр" деп жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Ол нендей өзгеріс?
  Көптің ұсынысы жерде қалмады. Ең әуелгі өзгеріс жоғары оқу орындарына академиялық еркін­дік беру. Мұндағы еркіндік деген ұғым сабаққа келіп-кетудің уақы­ты­на қатысты емес. Батыс елдерін­де бұрыннан бар тәсіл, яки оқу бағдарламасын студенттің өз таңдай алу қабілеті. Себебі осыған де­йін елдегі ЖОО-лар министрлік бе­кіткен стандартпен білім берді. Содан барып кәсіби мамандануға келгенде керексіз пәндер маман атануға келген жастардың уақытын тежейді. Академиялық еркіндіктің тағы бір тиімді тұсы ортақ дипломдық жүйені жоюға жәрдем етеді. Қазақстан ширек ғасырдан бері бірыңғай стандартты диплом беру тәсілін қолданып келді. Енді екі жылдан кейін 2021 жылы әрбір уни­верситеттің өз жеке дипломы болмақ. Әр университет өз кәсіби бағытына сай дипломдық үлгіні қажет етеді. Мұның керек екенін білімділер құптап отыр. Себебі университеттер арасында бәсеке артады. Жұмыс берушілер де университеттің деңгейіне қарап маман қабылдайды.
   Ел қалаған тағы бір жаңалық - университет ректорларын тағайындаудың жаңа тәртібі. Бұрынғыдай емес, өткен жылдан бері ректорларды министрлер емес, арнайы бақылау тетіктері арқылы тағайындау қа­лыптасты. Бұл жемқорлықтың жойылуына алып келеді. Себебі уни­верситет басқаруға келген басшыны министрдің айналасына топтасқан адамдар емес, қоғамдық бақылау тетіктері арқылы тағайындалады. Мә­селен, өткен жылы университеттің бір орнына 14 адамның таласқа түсуі тамыр-таныстыққа тұсау салды.
   Білім сапасын жаңа деңгейге шы­ғаратын ендігі бір реформалардың реті магистратура мен докторантураға түсушілерге арналды. Вице-министр Асхат Аймағамбетов ендігіде магистратураға бөлінетін гранттар GMAT форматы негізінде іске асады. Талапкерлер кешенді тест тапсыру арқылы жоғары балл жинаған жағдайда қалаған университетін таңдай алу қабілетіне ие болады. Бұрын қалай еді? Магистратура гранттарын беруде әр университет өз емтиханын даярлап, шешімді де өздері шығаратын. Бұл тұста да жем­қорлықтың көлеңкесін көріп қалуға әбден болады. Мұны білім саласының сарапшысы, саясаткер Нұрмұхамед Байғараевтың желіге жазған жазбасынан аңғаруға болады.
   - Кейбір ректорат, деканат, кафедра меңгерушілері магистратура, докторантура емтихандары басталмай жатып, грант иесі кім боларын анықтап қоятын. "Фаворит кандидаттарға" салалық пәндер емтиханында үлкен қолдау көрсетілетін. Сәйкесінше, университет, факультет басшылығында танысы жоқтардың грант иесі атану мүмкіндігі де шамалы еді. Әрине, мұндай жүйенің барына, болғанына құжаттық дәлел жоқ. Бірақ университет жүйесінде істейтін біраз маман хабардар. Оған қоса, біршама ЖОО-да магистратура, докторантураға түсерде талап етілетін шет тілі (әдетте, ағылшын тілі) бойынша тест нәтижесі де сатылатыны жа­сырын емес. Сол үшін де магис­тратураға түсу үшін IELTS\TOEFL сер­тификаттарын талап ететін уақыт келгендей,- дейді сарапшы.
  Талапты қатаңдату тек магистратураға ғана емес, докторантураға түсушілерге де жаңалық болғалы тұр. Себебі бұдан былай докторлық дәрежеге қол жеткізу үшін шет тілін меңгергендігі жөнінде халықаралық сертификат IELTS, TOEFL сынақтарының нәтижелілері талап етіледі. Яғ­ни, тест Ұлттық тестілеу орталығы ар­қылы өткізілмейді.
  Білімдегі сынның көптігі жас кадрдың жұмыс берушілердің талабынан шықпауы. Яғни 4 жылдың ізін ала бітірген дипломы бар жастың еңбекке жарамай, жұмыссыз жүріп қалуы да білімнің проблемасына айналған-ды. Енді екі жылдан кейін ма­мандарға тек диплом алу жет­кі­лікті емес, қосымша тәуелсіз ұйым­дар­дың сертификатын қоса алуы керек. 4 жылдық бакалавр дәрежесі ма­мандыққа бағыттаса, кәсіби тәуелсіз ұйым беретін сертификат маманның қарым-қабілетін екшей отырып тағайындалады. Мәселен, дәрігер атану жолындағы жас маман емдеу ісі факультетін тәмәмдау жеткіліксіз. Қо­сымша практикалық қабілетті тек­серетін сертификаттың берілуі де маңызды. Мұның бәрі не үшін қажет деген ой да келуі мүмкін. Мамандар мұ­ның жұмыс беруші мен талапкер арасындағы байланысты әрі маманның қабілетін шыңдауға жәрдем береді дейді. Онсыз да жеке оқу орындарының оқып, қос дипломы бар жас­тардың жұмыссыз жүруі осы практикалық қабілеттің болмауынан орын алды. Бұл мәселеге қатысты да сарапшы Нұрмұхамед Байғараев арнайы зерттеу жүргізген екен.
- Студентке диплом не үшін керек? Жұмысқа орналасу үшін. Ал, ол дипломды сатып ала ма, оқып ала ма, көшіріп ала ма, тексеру қиын. Сәй­ке­сінше, ЖОО-ның түлегі жас маман ретінде қандай білім алды, білікке ие болды, оны да тексеру қиын. 4 курс со­ңындағы дипломдық жұмыс көп нәрсені дәлелдемейді. Айтпақшы, оларды өзгеге тапсырыспен жаздыра салу немесе интернеттен жүктеп алу да қиын шаруа емес. Ендеше жұ­мыс беруші жас маманды қалай тексере алады, кімге сенеді? Міне, осы жерде әр мамандықтың қауымдастығы беретін сертификат кепілдік болуы шарт. Яғни, ЖОО 4 жыл берген білім сапасын әлгі тәуелсіз қа­уымдастықтардың тесті тексереді, ба­ғасын береді. Сонда жас маман дип­лом мен қауымдастық сертификатын қатар көрсеткенде, оны жұ­мыс­қа алуға болады деген сөз,-дейді Н.Байғараев.
   Вице-министр сүйіншілеткен жаңалықтың басын университеттер іс­ке асыруға көшті. Әлдебір пікір не қорытынды айтуға ерте. Бірақ салаға маманданған сарапшылар мұның арты шынайы бәсекелестік пен жемқорлықты тұсаулауға қандай да бір оң ықпалын береді дейді. Қаншама жылдан бері университтегі білім жү­йесіне көңіл толмаушылық, сенатор мен әкімдердің жоғары білім саласына деген сындарының нәтижесін бі­лім ордалары толық ақтаса игі.
 
Абай ТАҒЫБЕРГЕН
08 ақпан 2019 ж.2370