» » Білімге бөлінген бюджет – 93,8 млрд.теңге

Білімге бөлінген бюджет – 93,8 млрд.теңге

Басқасы басқа білімге бөлінген қар­жының көлемі қомақты. Ертеңге салынған инвестицияны мақсатты жұмсау, мектепке дейінгі, орта, ар­наулы білім бағыттарындағы бү­гінгі қарқынды анықтау сала басшысының білігіне байланысты. Аймақтағы бас педагог Майра Тұрғанбай­қы­зы соңғы жылдары білім саласының даму қарқыны, ұстаздардың бі­лім дәрежесі мен оқушылардың та­ла­бы жоғарылап келе жатқанын жет­кізді. Өңірде аяқ­тан тартатын мәселелер де ретімен ше­шілуге жақын. Соның бастылары мектепке де­йінгі балалардың 100 пайыз қамтылуы, апатты мектеп мәселесінің жойылуы, цифрландырудың қарқын алуы.
  Журналистерге есеп беруге келген сала басшысы Майра Мелдебекова әңгімені оқу жылында оқушы санын артқанымен бастады. Сан­дар­ға сүйенсек, облыс бойынша 293 мектепте 153502 оқушы білім алуда. Былтырғы оқу жылмен салыстыр­ғанда 5900 оқушыға көбейген.
   - 2013 жылдан бастап осы уа­қытқа дейін облыс бойынша 69 мектеп жаңадан салынған, оның 36-ы апатты мектептердің ғимараттары болды. 2015 жылы үш ауысымдық мектептер түбегейлі жойылды. Бү­гінгі күнге апаттық жағдайдағы Жалағаш, Жаңақорған аудандарындағы мектептердің мәселесі биылғы жылы шешімін табатын болады. Ал, 2018 жылы 1800 орынға арналған 7 мектептің құрылысы пайдалануға беріл­ді,-дейді басқарма басшысы.
   Білімдегі басты жаңалықтың нәтижесін цифрландыру ісінен көру қажет. Бұл бағытта бас педагог цифр­ландыру ісінде айтарлықтай проблема жоқ деп отыр. Ең әуелі барлық мектептердің интернетке қосылуы, электронды күнделік жүйесінің жол­ға қойылуы цифрландырудың қар­қы­нын үдеткен. Жаңа 92 робототехника кабинеттері ашылған.
- Облыстағы 9 Оқушылар үйі "3D-модельдеу" және "Цифрлық білім беру лабораториясы" кабинеттерімен жарақтандырылды. Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйі - "IT-iMAQORDA" ресурстық орталығы ре­тінде ашылды. Инновациялық мектептер арасынан Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицейі "информатика" бағытындағы тірек мектебі ре­тінде ІТ-лицей болып құрылып, ин­терактивті құралдармен қайта жабдықталды,-дейді Майра Тұрғанбайқызы.
   Өткен жылы педагог кадрларды аттес­татциялаудың жаңа форматы ен­гізілді. Жаңа формат бойынша Ұлт­тық біліктілік тестілеуге 6934 мұғалім қа­тыс­қан. Мұғалімдерге 30-50 пайыз аралығында еңбекақыларына үстеме қосылды. Ал, 46 иннова­ция­лық мектептердің 86 % мектеп басшылары "Білім берудегі көшбасшылық" курстарынан өтіп, пән мұғалім­дерінің 75% жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілік курстарымен қамтылыпты.
  Қысқасы, облыстың бас ұстазы Майра Тұрғанбайқызы 2018 жылы білім саласы бойынша мемлекеттік бағдарламадағы 8 индикатор, 52 көрсеткіш, 212 іс-шара орындалып, мемлекеттік бюджеттен 93,8 млрд. теңге толық игерілгенін хабарлады.
 Абай ТАҒЫБЕРГЕН
08 ақпан 2019 ж.2380