» » ТӨГІЛГЕН ТЕР, ТАТЫМСЫЗ ТАБЫС МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРЕ АЛА МА?

ТӨГІЛГЕН ТЕР, ТАТЫМСЫЗ ТАБЫС МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРЕ АЛА МА?


Біріншіден, бізде мұғалімдік – өте қолжетімді мамандық. Жо­ғарғы­ оқу орнынан педагог деген бір жапырақ қағаз алсаң, сосын артыңнан қағар ағаң болса, оқытушы болып шыға келесің. Тіпті колледж тәмамдаған маман­ мен ЖОО бітірген маман бір ұжымда иық тірестіріп жұмыс жасай алады. Ал болашақ бағ­бандарына жауапкершілікпен қарайтын Францияда мұғалім мектеп директорының бұйры­ғымен емес, мемлекет тарапынан таңдалады.
Екіншіден, осы қолжетім­діліктен туатын сауатсыздық, біліксіздік. Кейбір мұғалімдер­дің білімділігін, бейімін былай­ қойғанда адами этикадан да жұрдай. Қоғамдық орында өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы ұстаз статусына сай келмейді. Ал дамыған елдер мұғалімдік маман­ды­ғына барынша дарынды жан­дар­ды тартуға баса мән береді.
Үшіншіден, жалақының аздығы. Нарықтық қоғамда мұғалім мәр­тебесіне сызат түсіріп отырған да негізгі себеп жалақы жайы. Мә­селен­, бүгінде ұстаз деген та­бақтай дипломы бар жастар 5-10 тиыны артық өзге жұмыстан нәпақасын табуға мәжбүр. Тіпті кейде білім ошақтарында ер-азамат­тар аз деп дабыл қағамыз. Әлбетте отбасының бар жауапкершілігін арқалар азамат қалай ғана бейнеті көп, зейнеті аз мамандыққ­а беттесін?
Жалақысы аз деп «зар за­манның» күйін неге кеше береді? Бұқаралық ақпарат құралдары жылда ұстаздар мен дәрігерлердің айлығы артып жатқанд­ығын ақпараттандыруда дерсіз. Сондықтан соңғы статисти­каға сүйене отырып, күнұзақ мектеп қабырғасына қамалған мұғалімдердің нәпақасын назарға алсақ.
Базалық жалақы – 17697 теңге.­
Жоғарыда көрсетілген не­гізгі жалақы мөлшері сәуір айынд­а 10 пайызға өсті. Ал биылғы­ жолдауда 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап білім саласы мамандарының жалақысын 29 пайызға дейін арттыру (жо­ғарғы санаттағы ұстаздардың негізгі жалақы мөлшері 91494 теңгені құрайтын болады) айрық­ша аталынды.
Еліміздегі мұғалімдерге тағайындалған табысты таразы­ладық. Ал өзге елдердегі ұстаздардың жағдайы қандай деген қызығушылықпен интернет иірімі­не иек арттық.
Ғаламтор деректеріне сүйенсек, АҚШ, Корея, Швейцарияда­ ұстаздың жылдық табысы 51 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Германияда 1 жылда 52 мың доллар­ға қол жеткізеді екен. Араб елдерінен ағартушылар жалақы­сын ең көп беретін Катар мемлекеті болып шықты. Ұстаздың жылдық табысы 80 мың долла­рға жетеді. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде мұғалімнің маңдай тері 60 мың долларға бағалан­са, Кувейтте 55 мың доллар­ шамасында. Сауд Ара­биясында 50 мың доллар көле­мінде табыс табады. Сонымен қатар кейбір елдерде мұғалім, дәрігерлердің жалақысы ең жоғар­ғы табыс көзі саналады екен. Мысалы, Солтүстік Корея мемлекетінде ұстаздың айлық жалақысы 3-4 мың АҚШ дол­ларына жетеді. Әлемнің көп­теген елдерінде мұғалім мәртебесі айтарлықтай биік. Мәселен, Германияда мұғалімдер мем­лекеттік қызметкерлер қатары­на кіріп, салықтағы жеңілд­іктер мен жоғары зейнет­ақыға ие болады. Бір ерекшелігі, Германияда мұғалім бірнеше пәнді қатар бере алу құқығына ие. Педагогикалық университеттің студенттеріне мемлекет­тік мәдениет орындарына тегін, ал жекеменшік мәдени орын­дарға 50 пайыздық жеңілдіктер ұсынылады. Жылдық еңбек­ақысы 21000 долларға жететін Түркия еліндегі мұғалімнің апта­л­ық сағаты – минимум 15 сағат­. 18 сағаттан асып жатса, қосымша сабақ ретінде саналып, қосымша жалақы да төленеді.
Шетелде сараланған мынадай жүйе бар. Ұстаздың сабақ беру, мектепте болу уақыты, жалпы­ жұмыс істейтін 3 түрлі уақыты бар. Мектепте болу мен жалпы жұмыс жасайтын уақытта оның сабаққа дайындалуы, дәптер тексеруі, емтихандарға, олимпиадаларға дайындауы, ата-аналармен жиналыс өткізуі, мектеп­ ішіндегі әдістемелік жиналы­старға қатысуы, оқушыға жетекшілік етуі, т.б. – барлығы есепке кіреді. Ақы төленеді. Ал бізде ше? Бізде мұғалімнің тек сабаққа кіру сағаты ғана есепке алынған. Оның сабаққа дайындалуы, үй жұмысын тексеруі, емтиха­н мен ҰБТ-ға дайындауы, сынып жетекшінің сыныппен бірлесе іс-шараларға дайын­далуы, апталықтар мен ашық сабақ­тарға әзірлігі, ата-аналармен жиналыс өткізуі, үй-үйді аралап рейд жасауы, мектеп ішіндегі әдістемелік жиналыс­тарға қатысуы, олимпиадаға дайын­дауы, ғылыми-педагоги­калық жұмыспен айналысуы, мұғалім портфолиясын жинақтауы, күнделікті білімін жетіл­діру сынды миға салмақ салар шаруасына кеткен уақыт есепке алынбайды. Мысалы, мұғалім­нің айлық дәптер тексеру еңбегіне 6636 теңге төленеді. 18 сағатқа толтыру үшін кем дегенде 4 сыныпқа сабақ беруі керек делік. Қазіргі қазақ мектептерінде бір сыныпта кем дегенде 25 баладан отыратынын есептесек, ұстаз 100 балаға білім береді екен. 100 баланың №1, №2 дәп­терлерін есептесек, екі аптада 200 дәптер, төрт аптада 400 дәп­терге көз майын құртады. Бұған 1 айда бір жазылатын (екі пән­нен) 200 бақылау жұмысы парақ­шаларын қосыңыз. Енді өзіңіз саралай беріңіз. Ұстаз ізденіс жасап, жаңа бір білімді, жаңа технологияны игерудің орнына көп уақытын дәптерге телмірумен өткізеді.
Әрбір істің қағаз жүзінде есебін талап етіп, онсыз атқа­рылған еңбекті есепке алмайтын қағазстанның да қарекеті ұстаздың энергиясын тауысады. Тіпті мұғалімдерге берілетін бір күн­дік демалыс та қағаз күйбеңімен өтеді. Сонда да мемлекеттік қызметкерлер мейрам сайын алатын сыйақының ұстаздар ұшын да көрмейді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.
Ұр­пақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биікте­тетін де, тағылымын қалып­тастырып, танымын кеңейтетін­ де ұстаз дейміз. Бірақ бейімі бар жас маман қайна­ған қалада қаражаты көп жұмыс іздейді. Ал амалсызы мектептің ауласына аяңдайды. Содан сапасыз кадр деп тағы сан соғып жатқаны. Ал ауылда ұстаздықтың жөні бөлек. Оған да қолы жеткендер, араға ағайын­ды салып,­ директордың дегенін бергендер орнығады. Сондықтан мәртебелі мамандық. Мәртебе дейміз-ау езу тартып, ауылда ағартуш­ылықтан өзге қызметтің де жоқтығын ұмытып. Және мұғалімнің айлығ­ы ауылдық жерлерде ғана шайлығыңды ақтайды.

Ғаламтордан алынған

18 желтоксан 2017 ж.6640