» » Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейтін оқу жүйесін енгізеді

Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейтін оқу жүйесін енгізеді


Енді жаңа әдіс бойынша оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Италияның білім министрлігі ұсынған бұл тәжірибеге елдің 166 мектебі қатысады. Десе де қазірдің өзінде мыңдаған мұғалім мен ата-ана жаңа жобаға қолдау білдіріп отыр. Есімің кім? - Андреа - Мектепте үй тапсырмасы беріле ме? - Жоқ. Біздің мектепте берілмейді. - Қазір кешкі уақытта сабақ оқудың орнына немен айналысасың? - Бос уақытымды достарыммен өткіземін. Ата-анамның меншігінде бақшасы, үлкен дүкен бар. - Достарыңмен не істейсіңдер? - Доп, жасырынбақ ойнаймыз. Бақша үлкен болғандықтан, ол жер ойынға өте қолайлы. - Жарайсың!   Жаңа жобаны қолдап отырған ұстаздар мен ата-аналардың пікірінше, үй тапсырмасы балалардың алаңсыз тынығуына кері әсерін тигізеді. Яғни, үй тапсырмасы арқылы оқушының білімі  артпайды. Керісінше, стресс пен  кикілжің тудырып, ақыры баланың көз жасына әкеліп соғады. Ата-аналар алға тартып отырған негізгі себептер осы. Данило Казертано да оқудың ескі методикасына қарсы 25 мың ұстаз бен ата-ананың қатарында. Айта кетейік, Италиядағы «Теңіздегі мектеп» жобасының  негізін қалаушы ұстаз дәрістерін таза ауада өткізеді.  «Эксперимент сәтті шығуы мүмкін. Себебі біздің елімізде дарынды ұстаздар өте көп. Бұл өзгеріс тек қана «үй тапсырмасына түбегейлі қарсылықтан» тумауы тиіс. Керісінше жағдайда, балаларды, ұстаздар мен ата-аналарды шатастырып алу қаупі бар. Ұстаздар үй тапсырмасынсыз білім бере ала ма? Алдымен осы мәселені бағамдау керек. Сенімді болған кезде ғана жаңа реформаны енгізуге болады. Мыңдаған бастауыш пен орта сынып оқушылары жаңа оқу жылын өзгеріспен бастайды. Енді олар уақытының басым бөлігін сыныпта өткізеді. Таңертең теориямен, түстен кейін практикамен айналысады. Бұл өзгерістер оқушылардың мектеп бағдарламасын қиындықсыз меңгеруіне кері әсерін тигізбеуі тиіс», - дейді  мұғалім Данило Казертано. Италия қолға алғалы отырған жоба бұрыннан қолданыста бар. Бұл тәсіл Финляндияда бастау алған болатын. Қазіргі таңда аталмыш елдің білім деңгейі әлем бойынша бірінші орында. «Кешкілік оқулықтан бас алмай отырғаннан гөрі отбасылық серуенді көбейту керек», - деп есептейді финляндиялық педагогтар.

Дереккөз: inform.kz

18 желтоксан 2017 ж.4810